ОҚО-на қарасты Қазығұрт ауданында жыл басынан бері 20-ға жуық «Дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, әр түрлі тақырыпта, бірнеше мәселелер талқыланды. Осы іс-шаралар аясында, мысалы, «Кәсіпкерлер палатасының негізгі атқаратын қызметі» туралы түсіндіру жұмыстары, «Іске әйелдер кеңесі», «Алтын сапа» және «Ең үздік тауар» номинациясына қатысу жайында, «Оңтүстік өнімдері» атты каталогқа кәсіпкерлерді енгізу жайлы семинарлар болып өткен болатын. Жобаларды қолдау аясында бүгінде аудан бойынша 120-ға жуық жоба қолға алынып, оның 83 толығымен жүзеге асырылды. Жобаларды сүйемелдеу негізінен кәсіпкердің өтінішін қабылдап алғаннан кейін бірнеше бағытта, атап айтқанда, құжаттарды толығымен тексеріп, несие алушының банктен немесе қаржылық ұйымнан алатын қарызы үшін керекті кеңестер жан-жақты түсіндіріліп, құжаттар тізімін жинақтап, сұраныс құжаттары толығымен қанағаттандырылып, несие алушы ұйымға (банк немесе қаржы ұйымы, микрокредиттік ұйымдар, АҚ және т.б) өткізгенше жүргізіледі. Сонымен қатар ҰКП өз кәсібін енді бастайын деп жатқан немесе өз кәсібін кеңейту үшін кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер және басқада қаржы ұйымдарынан несие алуға көмектесуде. Мысалы, ҰКП қатысуымен ауданда «Ырыс ШНҰ» ЖШС – нан 43 кәсіпкерге –146 720 000 және «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ -нан 137 кәсіпкерге –361 800 000 теңге несие берілді.