Әлем назарын өзіне аударып отырған «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық бүгінде қызу жүргізілуде. Оған Оңтүстік Қазақстан облысының да қосар үлесі қомақты болмақ. Бүгіннің өзінде көрмеге дайындық ретінде бірнеше мәрте түрлі іс-шаралар өткізіліп, дайындық пысықталуда. Көрмеге дайындық барысында шетелдік туристік компаниялардың өкілдеріне Қазақстан Республикасының туристік потенциалы және «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесімен таныстыру мақсатында бірнеше ақпараттық турлар өткізілуде. Осыған орай, жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына Италия, Ресей және Әзірбайжанның «Alessandro Rosso Group», «Туры и билеты», «Капитал Тур», «РАЙ», «Millennium Tourism», «Росс Тур», «АС-Лайнер» SUNMAR и АСС ТРЕВЕЛ секілді 8 туристік компаниясының өкілдері келді. Аталған компаниялардың бәрі де әлемге танымал ірі туроператорлар. Осы салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан орнықты компаниялар. Әрі тәжірибелері де мол. Әрине олардан үйренеріміз көп. «Ontustik Tourism Center» Туристік Ақпараттық Орталығы қатысушылар үшін мазмұнды ақпараттық тур бағытын дайындады, осыған сәйкес қонақтар Оңтүстік Қазақстан облысының туризміндегі барлық бағыттары бойынша әлеуетімен танысуға мүмкіндік алды. Бағдарға сәйкес, ақпараттық турдың қатысушылары маңызды мәдени – тарихи орындарын, тау курорттары, демалыс орындары мен емдеу-сауықтыру шипажайларын көріп, қонақ үй және мейрамханалық қызмет көрсету деңгейімен танысты. Оңтүстіктің тамылжыған табиғаты, өзгеше ғажайып өңірлері қонақтардың көңілінен шықты. Ақпараттық турдың қорытындысы бойынша, баспасөз мәслихаты өткізілді. Сондай-ақ, жергілікті туроператорлармен кездесу ұйымдастырылды. Алып туроператорлардан тәжірибе алмасуға таптырмайтын мұндай іс-шаралар отандық туроператорларға үлкен тәжірибе алаңы іспетті. Аталған іс – шараны өткізу екіжақты қарым-қатынастардың жақсаруын жеңілдетеді және «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесінде тур пакеттерді сату үшін қазақстандық және шетелдік туристік компанияларының арасындағы келісімдерге қол қоюға ықпал етеді. Аталған шараға шақырылған ресейлік «Капитал Тур» көшбасшы туроператорлардың бірі. Оның штаб-пәтері Мәскеу қаласында орналасқан. Ірі туристік компания 2003 жылы ашылған. Олар 40 туристік бағыт бойынша, агенттік жүйе бойынша қызмет атқарады. Бас офисте 700-ден астам адам жұмыс істейді. Компанияның Ресей Федерациясы мен Рига, Минск қалаларында 40-тан астам өкілдіктері бар. 2008 жылы 650 миллион доллардан астам табыс тапқан. 1,97 миллионнан астам туристерге қызмет көрсеткен. Ресейдегі «Интурист» компаниясынан кейінгі ең мықты компания осы «Капитал Тур». Ал «АС-Лайнер» туристік агенттігі әлемнің кез-келген түкпіріне турлар ұйымдастыра алады. Жерорта теңізі курорттарына, оңтүстік шығыс Азияға, Еуропа елдеріне апара алады. Экскурсиялық бағдарламалар, автобустық, теңіз, өзен круиздерін ұйымдастырады. «РоссТур» компаниясы Ресейдің 192 қаласында 350 офисі бар ірі компанияның бірі. Жылына 150 елге 3 миллионннан астам турлар ұйымдастырады. Әлемнің ірі туроператорларымен байланыста жұмыс істейді. Әрине бүгінде туризм саласында мол тәжірибесі бар әріптестермен тәжірибе алмасу алдағы уақытта мол мүмкіндіктер туғызатыны анық. Аталған туроператорлардың елімізде өтетін халықаралық көрмеге көптеген елдерден туристер келтіруге де көп септігін тигізері сөзсіз. Мұндай халықаралық дәрежедегі шараларадың берері көп болмақ. Сондай-ақ оңтүстік туризм орталығы аталмыш көрмеге қызмет ететін еріктілер тобын оқытуды бастап та кетті. Олар ағылшын тілінен тегін сабақ алады. Тіл үйрену сабағы аптасына үш күн өтеді. Сондай-ақ олар туристерге қалай қызмет көрсету керек, этика жағынан бәрі-бәрін үйретеді. Мұның барлығы да халықаралық маңызы бар көрменің жоғары деңгейде өтуі үшін атқарылып жатқан шаруалар.
Динар