Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық аудандарда білім бөлімдеріне қарасты мекемелердің есептерін тыңдау жиындары өтуде. Осыған орай Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен аудандық білім бөліміне қарасты қосымша білім беретін аудандық Жас туристер станциясы, Балалар мен жасөспірімдер орталығы және Саз мектептерінің есептері тыңдалды. Есепте мекеме басшылары ағымдағы жылы атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстарының жоспарымен бөлісті. Мекеме басшыларының атқарған жұмыстарын тыңдаған аудан әкімі аталған мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Жас туристер станциясының директоры А.Тәжібайға жыл соңына дейін атқаратын жұмыстардың нақты жоспарын ұсынуды, Балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры А.Қуанышбаеваға мекемедегі кейбір штаттық бірліктер басқа мекемелердегі штаттық бірліктерді қайталайтындығын айтып, ұсыныс беруді жүктеді. Ал, Саз мектебінің директоры А.Мақұлбековке тұрғындар сұранысын зерделеп, өзге де қажетті үйірмелер ашу бойынша ұсыныс енгізу қажеттілігін айтты. Есепті жиынды қорытындылаған аудан басшысы білім, экономика және қаржы бөлімдерінің басшыларына штаттық кестені қайта қарап, ұсыныс беруді тапсырып, жыл соңында аталған мекемелердің есепті баяндамалары қайта қаралатындығын жеткізді. Әрине мұндай жиындарда мекеменің кем-кетігі ескертіліп, атқарылған жұмыстарды саралайды. Алдағы уақытта жас ұрпақтың білімін жетілдіру жолында, олардың бос уақытын тиімді пайдалануды қосымша үйірмелер ашып қызмет көрсететін мекемелердің атқарып отырған шаруасы расында ауқымды.