Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын дәстүрлі түрде Оралхан Бөкей атындағы Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізіліп тұрады. Жас ұрпақтың білімге, ілімге деген, әдебиетке деген құштарлығын ояту мақсатында ұйымдастырылатын бұл байқауға қатысуға ниет ететіндер саны жыл жылжыған сайын артып келеді. Жазушының шығармаларын мәнерлеп оқу барысында оқушылар бірінен бірі асып түсердей. Олардың көркем әдебиетке деген құштарлығын осыдан ақ байқауға болады. Жуырда аталмыш байқау Түлкібас аудандық мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениет көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты және талантты жастарды табу мақсатында аудандық орталық кітапханада Оралхан Бөкей атындағы Көркемсөз оқу шеберлерінің ХVІІІ аудандық байқауы өткізілді. Байқауға 18-35 жас аралығында 7 үміткер қатысты. Қатысушы үміткерлер Оралхан Бөкейдің прозалық шығармасынан үзінді оқу, қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кез-келген поэзиялық шағармаларынан өлең оқу бойынша бақтарын сынады. Байқауға қызу дайындалған үміткерлердің арасынан жеңімпазды анықтау әділқазыларға оңайға соққан жоқ. Ақыры қазылар алқасының шешімі бойынша І орын Дуанабеков Фархат, ІІ орын Агробизнес және саяхат колледжінің 3 курс студенті Көлай Балжан, ІІІ орын Азаттық ауылының тұрғыны Жаңабай Жомартқа бұйырды. Байқауға қатысушылар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі бөлімінің арнайы сыйлықтары, дипломдары және алғыс хаттарымен мараппаталды. Білімгерлердің әдебиетке деген құштарлығы тәнті етті.