Биыл еліміздің Тәуелсіздік алып, дербес ел болғанына 25 жыл толып отыр. Осы мерейлі дата еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтуде. Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл, аудандарында да түрлі іс шаралар ұйымдастырылуда. Осындай іс-шара жуырда Отырар ауданында өткен болатын. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудан орталығындағы Жамбыл орта мектебінде оқушылар арасында өткен пікірсайыс турниріне қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан Тәуелсіздігі мәңгілік болсын» тақырыбында өткен турнирдің негізгі мақсаты — Егемен елдің жетістіктері мен Тәуелсіздікті баянды етуді насихаттай отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, өз Отанын сүюге, оны құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Пікірсайыста білімді жастар «Тәуелсіздік жылдарындағы көркем әдебиет», «Тәуелсіз елдің ұрпағы қандай болуы керек?» тақырыптарында ойларын ортаға салды. Шараға қонақ ретінде келген аудан әкімі оқушыларға сәттілік тілеп: «Мәні мен мағынасы маңызды мерейтойды барша қазақстандықтар ортақтасып ұлықтап, ел жетістіктерімен мақтанып, оны көпшілікке насихаттай білуі тиіс. Осы орайда Сіздер ел жетістіктері мен Тәуелсіз елдің түпқазығын баянды ету мәселесін ортаға салып, көпұлтты еліміздің ынтымағы мен бірлігін нығайту, Тәуелсіз елдің жастары қандай болуы қажет, Бүгінгі жастар немен мақтана білуі керек?, Тәуелсіздікті нығайтудағы Тұңғыш Президенттің рөлі қандай деген мәселелер төңірегінде ойларыңызды ортаға салады деп сенемін», — деді. Еліміздің айтулы мерейтойы аясында өтіп жатқан шарада Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің оқушылары сөз мәдениетін жоғары меңгергендіктерін, шешендік өнерлерін дәлелдеді.