Бұрын соңды Шымкентте кілем шығаратын фабрика болған емес. 2013 жылы «Индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясында ашылған «Бал Текстиль» кілем фабрикасы, бүгінде күнгейдің ғана емес еліміздің атын әлемге танытып жүрген бірегей кәсіпорын. Әрі Қазақстанда теңдесі жоқ серіктестік болып табылады. Өндіріс орны тек кілем тоқумен ғана емес, «BCF», «Heat-Set», «Frize» маркалы полипропилен жіптерін иірумен де айналысуда. Осылайша оңтүстіктің жеңілөнеркәсіп саласында айы оңынан туып тұр. Қазекем киізді шаң тұтады деп босағаға сүйреп тастағалы бері Иранның, Түркияның, парсының кілемдерін тұтынып келген еді. Енді қазақы нақыштағы оюмен өрнектелген керемет кілемдерді төріне төсейтін болды. Бұл да болса отандық өнеркәсіптің өрге өрлеуінің арқасы. Әйтпесе қазақы нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген кілемді көреміз деп кім ойлапты. Айтулы өндіріс орны сондай ақ тапсырыс арқылы би, шешендерімізден бастап атақты тұлғаларымыздың бейнесін де кілемге өрнектеп бере алады. Жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған кәсіпорынның шығарған өнімі де сапалы. Шетелдік кілемдерден бәсі жоғары. Өйткені — отандық өнім. «Бал Текстильдің» кілем шығару қуаттылығы – жылына 5 миллион шаршы метрден астам. Ал, полипропилен жібін иіру қуаттылығы – жылына 4 000 тоннаны құрайды. Өндіріс орны іске қоыслғанда жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметті қуантатыны тағы бар. Бүгінде мұнда 250 адам жұмыс істейді. «Бал Текстиль» өнімдерін бүгінде тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір түкпірінен тапсырыспен алдыратындар баршылық. Еліміздегі фабриканың керемет кілемдерін таратушылардың қатары 400 ден асқан болса, тұрақты түрде тапсырыс беріп, өнімдерді алатын 20-дан астам шетелдік серіктестері бар. Енді «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар кілемдерді Англия, Германия және Ресейдің ірі сауда маркеттерінен кездестіруге болады. Жуырда ғана Оңтүстік Қазақстан облысынан шығарылатын отандық өнім — «Бал Текстиль» кілемдері Швейцарияның Женева қаласында өткен халықаралық конвенцияда үздік сапа аталымы бойынша «Алтын Жұлдыз» (ISAQ жүлдесі) иеленді. Аталған жүлдеге қол жеткізу оңай емес. Сапа мен инновациядағы жетістіктерге қол жеткізген компаниялар мен ұйымдарға ғана табысталатын ISAQ жүлдесіне күнгейде алғаш болып «Бал Текстиль фабрикасы қол жеткізіп отыр.