Бүгінде мемлекет тарапынан қолға алынған түрлі бағдарламалардың арқасында тірлігін түзеп, түтіні түзу ұшқан ауылдар көп. Кәсібін ашып, ауыл халқын жұмыспен қамтып, бюджет қамбасына да қомақты қаражат құйып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Отырар ауданының Маяқұм, Балтакөл ауыл округтеріндегі «Отырар-Сүт-Ет» селолық тұтыну кооперативінің құрамына жергілікті «Серікбай-Б», «Мейірбек ЛТД», «Үсенов-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер кіреді. Аталған серіктестіктер «Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып бірлесіп ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Кооператив биыл 190 гектар алқапқа «Жиенбай» сортты қауын, 130 гектарына жоңышқа, 100 гектарына жүгері дақылдарын еккен болатын. Мал басының көбеюіне байланысты дақылдарға сұраныс артып отыр. Бұрынғы соқпақпен жүре берсе мол өнім алудың мүмкін еместігін түйсінген шаруалар бүрінде жаңа технологияларды пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізіп отыр. Соның арқасында шаруашылықтың өнімдеріне сұраныс артып келеді. Бүгінде Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан келген кәсіпкерлер өздері тасымалдап әкетуде. Ал, Балтакөлдегі диқандар ғылымға негізделген, соңғы озық технологияларды пайдаланып 104 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен пияз еккен болатын. Тиімді әдістің арқасында диқандар әр гектарынан 60 тоннадан өнім алды. Бұл өнімдер келісім-шарт бойынша «Отырар қойма» ЖШС-нің қоймасында сақталуда. Мезгілі келгенде сатылымға шығады. Қойманың арқасында үсіп кетеді деген үрей жоқ. 50 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен күздік пияз егіліп бітті. Биылғы түсімді молынан жинаған диқандар келер жылғы егістік қамына кірісіп кетті.
Связанные истории
12.12.2016
28740
29.11.2016
38498