Ауылшаруашылығы саласының ең тиімді, өміршең сала екендігі күн өткен сайын дәлелденіп келеді. Сондықтан да жыл жылжыған сайын аталған салаға бағытталған қаржы көлемі де артып отыр. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығына 29 миллиард теңге бағытталған болатын. Бұл әрине ауыл шаруашылық саласы үшін үлкен қолдау. Осындай қолдаулардың арқасында егіс көлемі ұлғайтылып, иесіз жерлер игеріліп, заманауи технологиямен тамшылатып суғар әдісі кеңінен енгізіліп диқандардың әжетіне жарады. Жылыжай және бау құрылыстары да назардан тыс қалған жоқ. Мал басын асылдандыру бойынша да біршама жұмыстар атқарылды. Биылғы түсім мол болды. Ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 123 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артты. Егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құрады. Бүгінде диқандар суармалы жердің қадірін біледі. Сондықтан да аталған жер көлемі ұлғайса деген тілектері бар-тын. Оның да біршама орындалғаны бар. Суармалы 466 мың гектар жердің 93 пайызы игерілуде. Яғни, бұл 434 мың гектар жер деген сөз. Алдағы уақытта суармалы жер көлемін тағы да арттыру жоспарда бар. Көктем шыға кетпені күнге сүйдіріп, тамшылатып тер төгіп тырбанатын шаруаларды жер ана биыл ерекше жарылқағандай. Дәнді дақылдар да, егін де бітік шығып қамба астыққа, қойма көкөніске толып диқандарды бір қуантып тастады. Тамшылатып суғару әдісі қосымша 6000 гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жетті. Бұл республикадағы тамшылатып суару егістігінің 73 пайызын құрайды.