Ширек ғасырға жуық аз ғана жылдың ішінде еліміздің атын әлемге танытқан компаниялар қатарға қосылды. Олардың өнімі тек өзімізде ғана емес шетелде де танымал. Астықты терең өңдеу және кондитерлік өнімдер шығару саласында «Барыс 2007» ЖШС, «Алтын дән» ЖШС, «Дани нан» ЖШС, «Атамекен» ЖШС, «MILLER & K» ЖШС, «Ақ нан» ЖШС, «Арай» ЖШС, «Рахат Шымкент» ЖШС секілді ірі және орта кәсіпорындардың өнімі бүгінде сұранысқа ие. Майлы дақылдарды қайта өңдеу саласында құрылған «Шымкент май» ЖШС, «Арай» ЖШС секілді мекемелерде күнбағыс, мақта, мақсары, соя, қыша, зығыр, рапс дақылдарын терең өңдеу технологиясы игерілген. Балық өнімдерін өндіретін «Хамит» өндірістік кооперативі балық филесін, консервіленген балық өнімдерін шығаруда. Бүгінде аталған компаниялар отандық нарықта ойып тұрып орын алған. Тұтынушылар шетелдік өнімдерден көрі өзіміздікінің олардан артық болмаса кем емес екендігіне баяғыдан-ақ көз жеткізген. Аталған кәсіпорындар өз өнімдерін Орталық Азия елдері мен Германия, Грузия, Ресей, Украина, елдеріне экспорттауда. Ал жылыжайда өсірілген көкөністерімізге де сұраныс жоғары. Оның ішінде өндірістік жылыжайлар «Аделья» шаруа қожалығы, «КазАгроном» ЖШС, «Ифтикари» шаруа қожалығы жылыжай шаруашылықтарын дамытуға қарқынды үлес қосуда. Олардың көлемі 3 гектардан 16 гектарға дейін жетеді. Ал өнімдері пышақ үстінде үлестіріліп кетеді. Соңғы жылдары өңірімізде интенсивті бау және жүзім шаруашылықтарын дамытудың арқасында импорт көлемін 40 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Бүгінгі күні интенсивті баудың көлемі 2100 гектарға жетті.