Бүгінде ұлттық сусындарымызға деген сұраныс артып отырғаны белгілі. Қымыз да, шұбат та емдік қасиеттерінің арқасында өтімділігі жоғары. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Отырар ауданы бүгінде шұбатымен аты аспандап тұр. Өйткені мұнда екі бірдей серіктестік шұбат өндіріп сатады. «Маяқұм» және «Отырар сүт ет» ЖШС-тері өндіретін шұбатты алыстан арнайы келіп алып кететіндер бар. Тек облыста ғана емес бүкіл еліміздің нарығын қамтып отыр. Әсіресе «Маяқұм» шұбаты арнайы бір реттік ыдыстармен шығарылады, бағасы аса қымбат емес, 500 теңге тұрады. Ем үшін арнайы алдырып ішкеннен бөлек тойларға, құдалыққа тапсырыспен алдыратындар жетерлік. «Отырар сүт ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіпті, жергілікті балабақшалар мен мектептерді сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. «Отырар сүт ет» кәсіпорында бүгінде күніне 1500 литр сүт пен 1000 литр айран өндіріледі. Ал, шұбаттың тәуліктік шығарылымы 2 000 литрге жуықтайды. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларынан сұраныс көп түседі екен. «Отырар сүт ет» кооперативі сүттің майлылығын сақтай отырып, таза өнім өндіреді. Соған сай шұбаттың сақталу мерзімі ұзақ емес. Алдағы уақытта серіктестік жаңа инновация желісімен шұбаттың ұнтақталған түрін өндіруді жоспарлап отыр. Өйткені шұбатты 36 сағат қана сақтауға болады. Ал ұнтақ түрінде 1 жылға дейін сақтауға мүмкіндік бар. Оны шығарған соң шетелге экспорттамақ ниеттері бар.
Связанные истории
12.12.2016
28740
29.11.2016
38498