Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты әр аудан табиғатына сай өзіндік өзгешелігімен ерекшеленеді. Мәселен, Сарығаш ауданы жылыжайлардың көптігімен ерек, көкөнiс, жеміс-жидектің кішігірім отаны іспетті. Өйткені мұнда жүзім де, қауын қарбыз да, алма да бәрі-бәрі өседі. Мақтарал ауданы аты айтып тұрғандай мақта шаруашылығының көшбасшысы іспетті. Мұнда өсірілген мақта медициналық бағытта да, отандық жіп иіру шаруашылығына да кәдеге жарай бастады. Табиғаты тамылжыған Төле би, Түлкібас аудандары демалыс орындарының көптігімен, алма бауының молдығымен алдыңғы орында. Шардара, Отырар аудандары және Арыс, Түркістан қалаларында сұранысқа ие жүгері егу және оны өндеу жұмыстары қолға алынуда. Ал Созақ, Бәйдібек аудандарында мал шаруашылығы дамыса, Отырар ауданында кәсіпкерлер шұбат өндіріп отыр. Ал жуырда Түркістан индустриялық аймағында шұбат зауыты салынбақ. Түркістан, Арыс, Отырар, Созақта түйе сүтін жинау пункттері ашылатын болады. Мұнан өзге сан салада болып жатқан оң өзгерістер көп. Оңтүстікте «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына – 25 игі іс» айлық шарасы қолға алынды. Осы шара барысында «Дені саудың жаны сау», «Әлеуметтік қолдау», «Отбасын қолдау», «Бірлігі жарасқан Тәуелсіз Қазақстан!» және «Игі іс жасауға асық» атты әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған шаралар жүзеге асуда. Өңірімізде қолға алынған игі істің барлығы да халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалуда. Ауыл, аудандарда жаңа кәсіпорындар пайдалануға беріліп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылса ауылдың да ажары асатыны мәлім. Осы бағытта атқарылып жатқан тындырымды тірлік көп.