Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында өндірген өнімін тек ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелдік нарыққа шығарып отырған өндіріс орындары жетерлік. Елімізде шығарылған өнімдердің шетелге танылып жатқаны қуантады әрине. Қазіргі таңда облыстағы 21 кәсіпорын өздерінің өнімдерін тұрақты түрде экспорттап келеді. Оның ішінде «Ордабасы құс» ЖШС-нің «Үндік етін өндіру және қайта өңдеу жобасы» бүгінде алыс та жақын шетелдерге танымал. Орта Азияда теңдесі жоқ өндіріс орны болып саналады. Түйеқұс етінен жасалған қазы, шұжық, орама еттің дәмі тіл үйіреді. Бағасы да қалта қағарлықтай емес. Дегенмен компанияның өнімін кез-келген базардан таба алмайсыз. Тек ірі супермаркеттерде, не болмаса фирмалық дүкендерден ғана сатып алуға болады. Облыс орталығында «Дәмді ет» атты сауда дүкендері бар. «Дәмді еттің» дәмді өнімін бір татқан адам басқа өнімді алғысы келмей қалатыны бар. Расы осы. Барлық технологиялар қатаң сақталына отырып жасалатындықтан өнім өте дәмді. Тұтынушыны сыйлаудың бір түрі осы болса керек. Компанияның жылдың қуаттылғы 10 мың тоннаға жуықтайды. Оның ішінде 50 түрлі ассортименті бойынша дайын өнім шығарады. Оның 40 пайызы Еуразиялық одақ елдеріне экспортталуда. Алдағы уақытта компания жылдық қуаттылығын 20 мың тонна өнімге арттырып, Орталық Азия, Еуропа елдеріне, Ауғанстандағы НАТО контингентіне экспорттауды жоспарлап отыр. Кәсіпорындарымыздың шетелдерге танымал бренд өнімдер өндіруі әрине Тәуелсіздіктің арқасы.