Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданында мал шаруашылығын дамытуда ілгерілеушілік байқалады. Биылғы жылдың басынан бері ауыл шаруашылық саласында 9 млрд 366 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,0 пайызды құрады. Мал шаруашылығында да өсім байқалады. Мәселен биыл өсім 3,1 пайызды құрап отыр. Ірі қара мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал басын көбейту, мал басын асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін мал басы нақты 1036 басаналық және 46 бас асыл тұқымды бұқа алынып, тапсырма 121,9 пайызға орындалды. Әрине әр бағдарламаның берері көп. Ал енді «Құлан» бағдарламасы 44 пайызға орындалды. Яғни, 250 бас асыл тұқымды жылқы сатып алынды. Ал қой тұқымын асылдандыруға бағытталған «Алтын асық» бағдарламасы да нәтижелі жүзеге асырылуда. Ол бағытта 1600 бас асыл тұқымды қой алынған. Ауданда 32 бірлік 10-15 бастық жанұялық фермалар іске қосылды. Ірі қара малдарды қолдан ұрықтандыру бағытында ағымдағы жылы жоспарланған 7 348 бас ірі қара малдың 7 369 басы қолдан ұрықтандырылып, тапсырма 100 пайызға орындалды. Ауданда ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің жалпы көлемі 193 682 га құрайды (егістік жер көлемі 91 146 га, оның 40 587 га жері тәлімі, 33 300 га суармалы, жайылым 101 107 га, көпжылдық қондырғылар 1 429 га, тыңайған жер көлемі 17 559 га). 2016 жылға жаңа техника алу тапсырмасы 89,1 пайызға орындалып отыр (тапсырма 55 жаңа техника, нақты 49 ауылшаруашылық техникасы алынған).