Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт жоспары аясында» медиация тәсілін енгізу бүгінде табысты жүзеге асырылуда. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік емес ұйымдарымен «Өзекті әлеуметтік мәселелерді медиация механизмін пайдалана отырып шешу» тақырыбына арналған басқосу болып өтті. Аталған жиынға түрлі үкіметтік емес ұйым өкілдері, судьялар, медиаторлар, психологтар қатысып, өзекті мәселені ортаға салып талқылады. Психологтар мектептерде оқушылар арасындағы төбелес, суицид көбейіп кеткенін алға тартып мектептерде медиация кабинеттерін ашу керектігін айтты. Модератор Жанділдә Жақыпов сөз алып, бүгінгі таңда медиация және құқық орталықтарда қоғамның әлеуметтік тұрғыдағы тобына жататын тұлғаларға дау-дамайлар мен келіспеушіліктер туындағанда ақысыз құқықтық көмек көрсету және оларды тегін медиация жолымен реттеу турасында пікірін айтты. Ал «Даму» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Елібаева: «бүгінде облыс орталығында тегін медиация кабинеті ашылып, тұрғындарға көмек көрсетуде. Алдағы уақытта аудандарға, алыс ауылдарға шығып тұрғындармен кездесулер ұйымдастыратын боламыз. Әр азамат бүгінде медиация қызметінің бар екендігін білуі тиіс. Біз азаматтар арасында туындаған дау-дамайды сотқа жеткізбей медиация арқылы шешуге көмек көрсететін боламыз» деді. Медиация кабинеті алдағы уақытта да жұмысын жалғастыратын болады.