Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен мемлекеттік бағдарламаларды жандандыру бойынша бүгінде облыс көлемінде аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Бағдарлама құрылыс саласын біртіндеп дамыту, қолжетімді баспанаға лайықты жағдай жасау, елдегі экономикалық белсенділікті арттыру мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізбек. Кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында бүгінде тасын өрге домалатып отырған кәсіпкерлер әлеуметтің әлеуетін көтеруге бет бұра бастады. Оңтүстік Қазақстан облысында «Ақ Ордасы» корпорациясы» Модульдік үйлер өндірісі зауыты баспана соғудың жаңа тәсілін қолға алып отыр. Осылайша арзан үй салу арқылы баспана мәселесін шешуге қол ұшын созуда. Жылына мың дана үй салуға қауқарлы өндіріс орнында 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Үйлер американдық тәсілмен салынады. Екі апта ішіне құрастырылатын мұндай тұрғынүйлердің бағасы да арзан. Баспана маңынан жылыжай салуға да қолайлы. Жоба тиімділігімен құнды. Шикізат Ресейден жеткізіледі. Ағаштар арнайы қондырғыларда кептіріледі, жонылады, қалыпқа келтіріледі. Сосын іргетастың үстіне апарып құрастырылады. Негізінде үйдің қаңқасы зауытта дайындалады. Құрастыру жұмыстарына бар болғаны екі ақ апта уақыт кетеді. Ал инженерлік коммуникациялық жұмыстарды жүргізу біраз қолды байлайды. Баспана сатып алушының талғамына сай үйдің құрылымын өзгертуге де болады. Қыста жылы, аптап ыстықта салқын болатын мұндай үйлерге тапсырыс берушілер баршылық. Мұндай баспананың тиімділігін насихаттау барысы кемшін болып тұр. Арзан бағалы тұрғын үйді сатып алуға ниет етушілердің қатары артатынына ұжым сенімді. Осылайша кәсіпкерер күнгейліктердің баспанаға зәруліктерін біршама азайтуға септеспек.