Елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірнеше бағдарламалары бар. Олар: «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы, «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту», «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам», «Ұлт жоспары: «100 нақты қадам», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары. Аталған бағдарламалар бүгінде сәтімен жүзеге асырылып келеді. Халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органдардың күн тәртібінде бірінші кезекте тұруы тиіс. Әлеуметтік салаға баса көңіл бөліп, халықтың жағдайының жақсаруына ықпал еткенде ғана елімізде тыныштық, береке болады. Жұмыстың жемісті болуының тағы бір кепілі – елдің әлеуметтік жағдайы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында әлеуметтік көмек пен оның атаулы сипатын күшейте отырып ынталандыруды міндет етіп қойғаны белгілі. Осыған байланысты атаулы көмек көрсету жүйесінің тиімділігін арттыру қолға алынды. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 1 жартыжылдықта 33 383 адамәлеуметтік қолдауға ие болды. Аз қамтылған азаматтар саны 27 пайызға, жұмыссыздық – 5,2 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, биыл өңірде 37 мектепке дейінгі мекеме ашылып, балаларды қамту деңгейі 80,5 пайыздан 82,3 пайызға көтерілді. Сондай-ақ, пайдалануға 42 мектеп, 6 балабақша беріліп, 11 аппаттық жағдайдағы және 9 үшауысымдық мектептің құрылысы аяқталды. 77 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді.