«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» арқасында бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында алға ілгерілеушілік байқалады. Оңтүстік Қазақстан облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының берген мәліметтері де көңіл демдерліктей. Шалғай шеттегі аудандарға дейін таза ауыз сумен, табиғи газбен қамтылып тұрғындарды қуантуда. Биылғы жылдың өзінде 13 ауызсу нысанының құрылысы пайдалануға берілді. Осыған дейін су құбыры мүлдем тартылмаған 9 елдімекен халқы да таза ауыз суға қолы жетті. Облыс орталығының 85 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс бойынша барлығы 550 мыңға тарта автокөлік құралдары тіркелген. Ал, автомобиль жолдарының ұзындығы 21 мың шақырымнан астам. Оның ішінде халықаралық, республикалық, облысаралық маңызды жолдар кіреді. Облыстық маңызы бар 19 жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы абаттандыру және көшелерді жарықтандыру жұмыстары бойынша 5 жоба іске асырылды. Күн сәулесінен қуат алатын 1000-ға тарта қондырғы орнатылды. Бұл электр қуатын үнемдеуде таптырмас тәсіл болып тұр. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жүретін жолақ белгіні көрсететін белдеуді де күн сәулесінен қуат алатын қондырғымен орналастыру қарастырылуда. Бүгінгі күні облыс көшелеріндегі шамдардың 98 пайызына энергия үнемдегіш шамдар қойылған. Облыс орталығының солтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы пайдалануға берілді. Мұның бәрі де Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан ілкімді істер.