Бүгінде шетелден ағылып келіп жатқан түрлі дәрі-дәрмектердің бағасы айға ақырып тұр. Дәрілер арзан бағада болуы үшін отандық фармация саласын дамыту қажет. Ең бастысы білікті маман мәселесін шешіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өндіріске ендіріп жаңа дәрілер жасап шығару керек. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік фармацевтикалық академиясының профессорлары зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде 30 түрлі өсімдікке зерттеу жүргізіп, оның 4-уінен қатерлі ісікке қарсы күресетін элементтерді анықтаған. Отандық фармация үшін бұл үлкен жетістік. Осыдан аз ғана уақыт бұрын академияда «Дәрілік өсімдіктер» зертханасы ашылған болатын. Отандық дәрілерді көбейту үшін оқу орын бүгінде Германиядан арнайы ФТ-08 аппаратын сатып алыпты. Оның көмегімен шөп дәрілердің құрамындағы заттарды бөліп, әрқайсысының өзіндік жанама аллергиялық әсерлерін анықтауға болады. Мұнда шөптерге терең талдау жасалынады. Оқу орнында студенттер генді модификацияланған өсімдіктердің пестицидтерін де анықтайды. Бүгінде оқу орнының ұстаздары италиялық әріптестерімен бірігіп жұмыс істеуде. Әзіргеакадемия оқытушылары дайындаған дәрілік өсімдіктерден қатерлі ісікке қарсы күресетін экстрактілер табылған. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстарының нәтижесінде оңтүстікте ғана шығарылатын дәрілерге қол жеткізу мүмкіндігі туып тұр. Бұл күнгейдегі фармацевтикалық кластерді дамытудың алғашқы қадамдары ғана. Елбасы белгілеген ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін атқарылып жатқан шаруалардың бір парасы ғана.