Ұлт жоспарының көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екені анық. Қазақ елі күн санап көркейіп, дамып келе жатқаны ақиқат. Елбасының реформалық бағдары және оның орындалу жолындағы тиянақты 100 қадамы еліміздің өсіп-өркендеуіндегі тездеткіш себепкері. Осы жүйелі жоспарда мемлекет тарапынан халықтың рухани-мәдени, әлеуметтік дамуына да баса назар аударылған. Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында Қазығұрт ауданында газдандыру жұмыстары қарқын алуда. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға деген оң қадамдардың бірі. Жуырда 4,5 мыңға жуық халқы бар Шарбұлақ ауылдық округіне табиғи газ тартылып, көпшілікті бір қуантып тастады. Аудан әкімі Төлеген Телғараев: «Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойын лайықты табыстармен қарсы алу жолында көптеген игілікті шаралар өткізілуде. Сондай шараның бірі — Шарбұлақ ауылына табиғи газ жүйесінің қосылуы дер едім. Әрине, елді мекендерге табиғи газ жүйесінің қосылуы үлкен қуаныш. Әсіресе, күнделікті ағаш жарып, тезек теріп, күл шығарып жүрген аналарымыздың жұмысын жеңілдетеді», — деді. Жалпы бұл күні, көгілдір отын аудандағы 16 елді мекенге берілді. Шарбұлақтан бөлек, Ащыбұлақ, Жаңабазар, Жылыбұлақ, Жаңажол, Жаңаталап, Қарабастау, Тілектес, Үлгілі, Қарабау, Сынтас, Жұмысшы, Үшбұлақ, Махамбет Өтемісұлы ауылы, Үшбұлақ және Жіңішке елді мекендерінің тұрғындары да табиғи газ тұтынып, өркениеттің игілігіне қол жеткізуде. Бұл еліміздегі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана.