Елбасы 100 нақты қадамында еліміздің экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында маңызды жоспарлар айтты. Берері көп берекелі құжаттағы кейбір нақты тапсырмалар бүгінде жүзеге асырылып та жатыр. Ел экономикасындағы қозғаушы күштердің бірі кәсіпкерлік екендігі белгілі. Бұл ретте аймақтың экономикасының дамуына арыстық кәсіпкерлер өздерінің қомақты үлестерін қосып келеді. Осы орайда Арыс қаласының әкімі М.Қадырбек «Бизнестің жол картасы-2020» және «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламаларының қаламызда іске асу барысымен танысу мақсатында қаламыздағы бірқатар кәсіпкерлердің жұмыс орындарында болып, шығарылатын өнімнің сапасы мен ондағы жұмысшылардың жағдайымен танысты. Атап айтқанда, «Арысшпалзаводы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне 70 вагонға дейін техникалық қызмет көрсетеді, «Арай» ӨК аяқ киім шығаратын цех, тәулігіне 30 пар аяқ киім тігіп шығарады, «ЖК А.Артыкова» және «ЖК Т.Пернебаева» киім шеберханалары тапсырысқа сәйкес, әр түрлі санаттағы киімдер тігумен айналысса, «ЖК Б.Сарбасовтың» диірмені тәулігіне 120 тонна бидай өңдеп, ұн шығарып Қазақстанның барлық облыстарымен қатар Ауғанстан, Тәжікстан Республикаларына экспорттайды. Диірмен кешеніндегі наубайхана тәулігіне 3500-4000 дана бөлке нан шығарып, өңіріміздегі ең арзан нан 35 теңгеден халық игілігіне ұсынуда. Кәсіпкерлік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысқан шаһар басшысы М.Қадырбек кәсіпкерлердің іскерлігіне алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.