Оңтүстік Қазақстан облысындағы киелі аудандарының бірі Түркістан қаласы бүгінде әлеуметтік нысандар көптеп ашылуда. Бүгін Түркістан қаласының 1516 жылдық мерейтойына тарту ретінде үш бірдей нысан ашылды. Атап айтсақ, әкімдіктің ұйымдастыруымен өңір қарияларымен ақпарат құралдарының өкілдері қаладағы индустриалды аймақта орналасқан соңғы үлгідегі жиһаз жасайтын «Grand miks» және жылына 7 млн. дана жұмыртқа, 264 тонна құс етiн өндіретін «Яссы құс» шаруашылығының жұмысымен танысып, 280 орындық «Толағай» балабақшасының лентасын қию рәсіміне куә болды. Мерекелі күнге сый ретінде іске қосылған нысандардан соң орталық Есімхан алаңында көпшілікке арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Алдымен қала әкімі Ә.Өсербаев тұрғындарды құттықтап, түрлі саладағы белсенді азаматтарды марапаттады. Сонан соң қалалық мәдениет үйінің және Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы Түркістан аспанын сазды әнге бөледі.
Сондай-ақ, алтын күз мерекесінің дәстүріне сай ұйымдастырылған ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде осы саладағы жетістіктер паш етілсе, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, спорттық іс-шаралар да көпшілік көңілінен шықты.