«Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындар 6 жылда 77,84 млрд теңгенің өнімін өндірді. Тиісінше, мемлекет қазынасына қосқан қаржысы – 5,3 млрд теңге. Ал облыстағы индустриалды аймақтардын жалпы көлемі 976 гектарға жетіп отыр. Бұл туралы «Оңтүстік» индустриалды аймақ дирекциясының бас директоры Мұхтар Тұрабеков БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлім етті.Бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында құны 77, 95 млрд теңге 80 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. 6347 жұмыс орны ашылыпты. Биыл 656 жұмыс орнына арналған 17 инвестициялық жобаны іске асыру көзделсе, келесі жылы 24 жобаны іске асыру жоспарда. Оған сәйкес, 2602 жұмыс орны ашылады. Директордың айтуынша, облыстағы жеті өңірде – Мақтарал, Созақ, Қазығұрт, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас ауданында, Түркістан, Кентау қаласында индустриалдық аймақ құрылып, жұмысын бастаған. – ОҚО – индустриалды аймақтардың саны мен сапасы бойынша елдегі көшбасшы өңір. Осы жылдың соңына дейін 24 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның 17-і – «Оңтүстік» ИА-да, 7 жоба қалалар мен аудандарда. 84 жоба 2017 жылы іске асады. Әзірге, Сарыағаш, Отырар ауданында, Арыс қаласында іске қосылған жоқ. Бұл өңірлерде құжаттарды зерделеу жұмыстары қолға алынған, – дейді ол. Сондай-ақ, қазір өңірде әлеуетті «Тассай» және «Бадам» аймақтарының құрылысы аяқталуға таяды. Оның көлемі – 262 га. Жылдың соңына дейн индустриалдық аймақтардың санын 11-ге жеткізу көзделіп отыр.