Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының дәрігерлері тәжірибелерін арттыру үшін шетелдік әріптестерімен бірлесіп ота жасауда. Бұған мемлекет тарапынан қолға алынған түрлі бағдарламалар септігін тигізіп отыр. Бұл да болса әлеуметтік салаға жасалып жатқан жағдайлардың бір парасы ғана. Жуырда ғана облыстық балалар ауруханасында алғаш рет эндовоскулярлы жолмен қантамырға ота жасалынды. Хирургтардың біліктігін арттыру мақсатында Израиль мен Гарвардтан арнайы келген мамандар шеберлік сабақтарын өткізді. Олар бір күнде үш науқасқа ота жасап үлгерді. 1,5 жасар баланың қолтық астындағы лимфа тамырлары үлкейіп, сары су жиналған. Сол ісікті кішірейтіп, ағзаға келетін қауіпті азайту үшін шетелден келген дәрігерлер ангиографиялық аппаратты қолданды. Израиль мен Гарвардтан арнайы шақырылған профессор Беленьки Александр мен Рам Бурвин жергілікті дәрігерлермен бірлесіп отаны сәтті аяқтады. Осы операциялар негізінде дәрігерлер шеберлік сабақтарын да өткізді. Жүрегінде туа бітті ақауы бар балаларға отаны ашық түрде емес, қан тамырлары арқылы жасау әдісі облыстық балалар ауруханасында алғаш рет қолға алынып отыр. Биылғы қыркүйек айынан бастап білімін жетілдіріп келген дәрігерлер облыста өзге де әріптестеріне үйретуде. Осындай жолмен 11 балаға ота жасалды. Ұлттың денсаулығы мықты болуы үшін, әлеуметтік салаларға басымдық берілуде. Ұлт жоспарының жүзеге асырылып жатқанының нақты көрінісі осы.