(Жалғасы)
Жылдың төрт мезгілінің барлығы дерлік жылы әр қолайлы болып келетін Оңтүстік өңірінің мұнан да жоғары мүмкіндігі бар екенін ескеріп, шағын және орта бизнестің үлесі артатынына сенімдіміз», — деді М. Құл-Мұхаммед. Өз сөзінде, партия жетекшісі агроөнеркәсіп кешендеріне мемлекеттен жасалатын қолдаулар жалғаса беретінін айтты. Алайда, негізгі назар жерге ұқыпты қарап, алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы құрылғыларын пайдаланатын шаруаларға жасалатынын жеткізді. Мұнан соң, жұмысшы топ «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан шыны бұйымдарын шығаратын «ЕвроКристалл» зауытын аралап, жұмысшыларымен тілдесті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы ісі өрге басқан бұл кәсіпорында 200 мл-ден 3 литрге дейінгі тағам өнімдеріне арналған шыны ыдыстар шығарылады. 254 адам жұмыспен қамтылған кәсіпорында жылына 210 млн. дана шыны ыдыстар шығаруға болады. Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриалды аймағында 79 млрд. теңгені құрайтын, 6384 адамды жұмыспен қамтитын 83 жоба іске асырылуда. Бүгінде мұнда құны 20,8 млрд. болатын 42 жоба пайдалануға беріліп, 3136 адам жұмыспен қамтылып отыр.