Бүгінгі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасына елімізде 770 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның барлығы да әлеуметтің әлеуетін арттыруға арналған. Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үй құрылысының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Таяу арада аяқталып қалады деп күтілуде. Мұнда құрылыстың сапалылығына баса назар аударылады. «Асар» шағын ауданында орналасқан бұл тұрғын үй ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық меройтойы қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталған 30 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысын «Southern bilding group» ЖШС-сі жүргізуде. Сонымен қатар, аталған бағдарлама шеңберінде салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысы да жақын арада бітуге даяр. Өңірдегі «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы бойынша бүгінде облыста 2016 жылы құны 20 197,7 млн. теңге болатын 50 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 10 нысан өткен жылдан өтпелі болса, 40 нысаны жаңа құрылыс. Атап айтар болсақ, 26 мектеп, 1 балабақша, 1 жатақхана мен 11 инфрақұрылым және 11 тұрғын үй құрылыстар. Аталған нысандарда қолданылып жатқан құрылыс материалдардың басым бөлігі отандық өнім.