Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы жылыжай шаруашылығы бойынша елімізде 1-ші орында тұр. Аграрлы аймақ үшін бұл заңды да сияқты. Расында еліміз бойынша жылыжайлардың 80 пайызы күнгейдің еншісінде. Осы мәселені шешу және облыста өндірістік жылыжайларды дамыту мақсатында «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облыста жылыжай кешендерін бір аймақта орнату бойынша «Жылыжай жұмағы» индустриялдық аймақ» инвестициялық жобасын қолға алып отыр. Жоба аясында облыстағы көлік-логистикалық аймақтың жанынан 136 гектар жер телімін беру қарастырылған. Әрине онда инфрақұрылым жұмыстары да қоса жүргізілетін болады. Сондай-ақ, аймақта арзан тарифті энергия көздері де қарастырылмақ. Бұл әрине кәсібін жүргізетін шаруалардың шығыстарын азайтуға сеп болмақ. Сонымен қатар, агро-индустриялдық аймақта жоғары технологиямен жылыжай құрылысын жүргізетін кәсіпкерге барлық жағдай жасалады. Мұнда басқа жылыжай шаруашылықтарында жоқ зертхана болады. Оған қоса өнімді cұрыптау, cақтау, қайта өңдеу нысандары болмақ. Күніне 240-320 тонналық немесе жылына 14 млрд теңгелік мол тауармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде құны 26 млрд теңгені құрайтын ішкі инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру мақсатында шетелдік инвесторлармен келіс-сөздер жүргізілді. Нәтижесінде қытайдың «China SinoLight Corporation» компаниясы жобаны қаржыландыруға қызығушылық танытып отыр.