Бүгінде атағы алысқа кеткен Сарыағаш шипажайына тек елімізден ғана емес, алыс та жақын шетелдерден емделушілер ағылып келіп жатады. Атақты курорт жақын болашақта Орта Азияның да ең үлкен демалыс орнына айналмақ. Аталған жобаға арнайы 600 гектар жер бөлінген. Латвияның ең ірі туристік компаниясының басшысы Айгарс Андерсон Сарыағашта курорттық кешен салумен айналыспақ. Туризм саласының мықты білгірі облыста спорт туризмін дамытуға сұранып тұрғанын айтады. Биыл «Оңтүстік» туристік ақпараттық орталықтың жұмысын жандандыруға облыстық бюджеттен 80 млн. теңге бөлінген. Аталған қаржы қомақты болмағанымен, ірі жобалардың жүзеге асуына дем бермек. Мәселен, Шардара ауданында жағажай туризмін жандандыру мен Қасқасу тау-шаңғы кешенін салу ісі жүзеге аспақ. Бұған канадалық және британиялық инвесторлар қаржы құюға мүдделі. Қазақстандағы ұлттық парктер ішінде Ақсу-Жабағылы қорығының алатын орны ерекше. Германиялық кәсіпкерлер бұл мәселені де ескерусіз қалдырмады. Табиғаты тамылжыған өңірде туристік аймақ құруға ниетті. Оңтүстіктің мақтанышына айналған мемлекеттік қорықтағы ерекше дүниелерге қызығушылық танытып отыр. 100 нақты қадамның 57 қадамында туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартудың жарқын көрінісі осы болса керек.