Ұлт жоспарында ойып тұрып орын алатын туризм саласын дамыту болса бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданы туристік аймаққа жататындықтан ауданға инвестиция тарту қарқынды жүргізілуде. Тау жағалай орналасқан демалыс аймақтары расында туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Аталған салаға қаржы құюға қызығушылық танытқандарға жергілікті биліктің қоятын талаптары қатаң… Алдағы уақытта ауданда туризм саласы мен алма және сүт кластерін дамыту қолға алынбақ. Түлкібас ауданында әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, ауданда кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға өркендеп келеді. Мәселен, мемлекет тарапынан беріліп отырған бағдарламалар арқылы ауданда 1026 жоба қаржыландырылып, белсенді жеке кәсіпкерлер саны 2961 бірлікті құрап отыр. Тек аудан орталықтарында ғана емес алыс ауылдарда да кәсіп көзін ашып, ауылдастарына жұмыс тауып беріп отырғандар баршылық. Өнеркәсіп орындары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, терең өңдеу, мал бордақылау, етті өңдеу сынды зиянсыз кәсіп түрлерімен айналысуда. Ауданда барлығы 1619,5 га жерге алма бау мен жүзімдіктер егіліп, 13,5 га жерге жылыжай салынған. 4474 га жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілген. Мұның көбісі соңғы жылдары енгізілген ҚР үдемелі индустриалды-инновациялық «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында іске асты. «Агробизнес-2020» бағдарламасының шарапатын Түлкібас ауданы молынан көрді. Осыған орай аудандағы өнім көлемі күрт артқан.