Кәсіпкерлердің ел экономикасының қозғауы күші деп атауға әбден лайық-ақ. Үкіметке алақан жаймай кәсіптерін өрге өрлетіп жүргендері жетерлік. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданының тұрғындары кәсіпкерлік саласына бейім. Облыстағы кәсіпкерлері ең көп тіркелген аудан да осы Сарыағаш. Мұнда жиһаз жасаумен айналысатын кәсіпкерлер баршылық. Солардың бірі Ғалым Қашыбаев жиһаз шығаруды қолға алғанына аз ғана уақыт болды. Ол жатын бөлме, асхана жиһазының түр-түрін жасайды. Әрі тапсырыс берушінің талғамына сай етіп жасап бере алады. Итальяндық жиһаздан бірде кем емес дүниені осы жерден сатып алуға болады. Әу баста кәсібін жұмсақ жиһаз жасаудан бастаған олар түскен табысты бұйымдардың қатарын толықтыруға жұмсапты. Әрине алғашқы кезекте өндіріске қажетті құралдар мен жабдықтар алды. Шағын цех ағаш жонатын, кесетін одан да басқа құралдармен толық қамтылған. Жиһазды құрастыруға тиісті ағаш материалдары Ресейден жеткізіледі. Ал жасалатын дүниенің жобасын тәжірибелі жиһаз дизайнер жасайды. Өндіріс орнында жұмысшылардың басым бөлігін жастар құрайды. Мұнда Сарыағаш ауданындағы№12 колледждің студенттері іс-тәжірибеден өтеді. Өндіріс орны мен дүкеннің бір ғимаратта орналасқаны тапсырыс берушілер үшін өте ыңғайлы. Өнімді сапалылығынан бөлек бағасы да қолжетімді. Тапсырыстардың көптігінен кейде үлгермей қалатын сәттері де жоқ емес. Сондықтан да кәсіпкер өндірісін алдағы уақытта бұдан да кеңейтпек ниетте. Бұл мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан жағдайдың жарқын көрінісі болса керек.