Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы бойынша инвестициялық жоба арқылы жаңа емхана, “Бәйтерек — 4″ ЖШС консерві өнім шығаратын цехтың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. “Бәйтерек — 4″ ЖШС-і консерві цехы шаруа қожалықтарынан, жеке кәсіпкерлерден бақша өнімдерін келісім- шартпен алып, өз жұмысын дөңгелетіп отыр. Шикізатты шетелден алмайды. Сондықтан да цехтың дайын өнімінің өзіндік бағасы арзан. Арзан болғандықтан да өтімді. Әрі сұраныс артып келеді. Бүгінде мұнда 40 адам еңбек етуде. Олардың шығарған өнімдеріне қазіргі таңда қызығушылық танытып отырған кәсіпорындар, мекемелер жетерлік екен. Өнімдерін тек облыс көлемінде ғана таратпай алдағы уақытта көршілес облыстарға да тарату жағын қарастырылмақ. Алма мен жеміс жидектің отаны саналатын Түлкібаста шикізатқа деген тапшылық жоқ. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту көзделуде. Ол кезде жұмыс күшіне де сұраныс артары хақ. Жергілікті өнім өндіретін цехта жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Шығарып отырған өнімдері де экологиялық таза, ешбір қоспасыз.