Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Өндірістік технологиялар және инжиниринг» атты ІІІ халықаралық конференция өтуде. Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму перспективасы мен ғылыми-техникалық қызметтердің нәтижелерін коммерциялау мәселелері қаралған конференцияға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Парламентінің өкілдері, Италия, Германия, Индонезия, Америка Құрама Штаттары, Словакияның шетел дипломатиялық қызмет — елшіліктері мен консулдықтарының өкілдері қатысты. Конференция жұмысына 46 елден 120-дан астам белгілі ғалымдар келді. Халықаралық конференцияда баяндама жасаған облыс әкімі еңбектің ең үлкені – Білім екенін атап өтіп, жаһандану процесі барысында біз білім сапасына ерекше көңіл бөлуіміз қажеттігін назарға алды. «Соңғы жылдары республикамызда ғылымның барлық салалары үлкен ірі жетістіктерге қол жеткізді. Осы жетістіктерге үлес қосып отырған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұжымының орны бөлек. Еліміздің ғылыми саласында университет, көптеген жылдар бойы жоғарғы дәрежеге ие болып келеді, көптеген жетістіктер мен марапаттары бұған куә. Бұл, ғылыми мектептердің ары қарай дамуының кепілі»,-деді әкім. Сөз соңында Ж.Түймебаев «Өндірістік технологиялар және инжиниринг» атты үшінші халықаралық конференцияның жұмысына сәттілік тіледі. Конференцияның секция жұмыстары химиялық технологиялар, мұнайхимия, био — және нано технологиялар, құрылыс, тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешені, экология және табиғатты тиімді пайдалану, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық арнайы көрме форматындағы жаңартылған энергетика, энергияны сақтау және АТ-технологияларды дамытудың перспективті бағыттары бойынша жүргізілуде. 100 нақты қадам: еліміздегі білім және ғылым саласын одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Демек мұндай халықаралық дәрежедегі конференциялардың отандық білім және ғылым саласына қосар үлесі мол болмақ.