Оңтүстік Қазақстан облысында бюджет қамбасын қомақтыландыруға ерекше үлес қосып жатқан ірі кәсіпорындар жетерлік. Солардың бірі Төле би ауданының аумағында орналасқан «Газпромнефть-Битум Қазақстан» зауыты. Жылына 150 мың тонна битум өндіретін өндіріс орны жергілікті 76 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Аймағы ат шаптырым өнеркәсіп орнында 2000 тонна битум сақтайтын 6 қойма бар. «Газпромнефть Битум Қазақстан» ЖШС-і битум өнімдерінің кең ассортиментін шығарып, республиканың автожолдары реконструкциясы мен құрылысына қатысып, жол-құрылыс компанияларын сапалы битуммен жабдықтайтын жаңа технологиялық кешен. Аталмыш зауыт облыста түрлі маркадағы битумға деген сұраныстың артуына байланысты ашылған еді. Бертін келе кәсіпорын аймақтың сұранысын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, іргелес жатқан өңірлерге де битум өнімдерін сата бастады. Қазіргі таңда, аталған компания жол салатын компаниялар үшін маңызды материал өндіруші жаңа технологиялық кешенге айналып отыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 90 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорынның технологиялық жабдықтары битум өнімдерінің кең түрін шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Ал, жобаны жүзеге асыруға 2,290 млрд. теңге көлемінде инвестиция құйылған. «Газпромнефть-Битум Казахстан» ЖШС биылғы жылға 400,0 млн теңгеге битум зауытын модернизациялау жұмыстарын жүргізуде және өз қаржылары есебінен битум зауытына өндіріске қажет техникалық су құбырын тартуда. Жоба құны – 100 млн 353 мың теңге. Жылдан жылға өндірісін кеңейтіп келеді.