Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданы шекараның шебінде болғандықтан да шығар мұндағы тұрғындар шетінен еңбекқор, жер тырмалап кәсіппен айналысады. Дегенмен жұмыссыз жоқ деп айта алмайсыз. Мемлекттік бағдарламалардың ішінде «Жұмыспен қамту-2020» шарапатын көріп отыр. Жыл басынан бері 2250 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыссыздар саны едәуір төмендеген. Жұмыссыздардың қатарын азайтудың тиімді тәсілдерінің бірі кәсіпкерлік саласына бет бұру болса керек. Мұнда соңғы 9 айдың көлемінде 201 азамат шағын несие алып, ісін өркендеткен. Ауданында 300 мыңдай тұрғын бар болса оның 4800-і жұмыссыз ретінде тіркелген. Жыл басында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 6 мың 600 адамды жұмыспен қамту көзделген. Бүгінде меже 80 пайызға орындалып отыр. Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту ісі де жүйелі жүргізіліп келеді. 180-і тұрақты жұмысқа жолдама алған. Екі азамат несие алып, ісін өркендеткен. Жыл басынан бері 45 азамат арнайы даярлау курсынан өтсе, оның 44-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Осылайша, сарыағаштықтардың мемлекеттік қолдаудың арқасында еңбек нарығындағы белсенділігі артып отыр. Солтүстікке қоныс аударып, тұрмысын түзеткісі келетіндердің де легі толастар емес. Бүгінде 80 азамат өтініш білдірген. Оның 50-і отбасымен көшуге дайын. Ұлт жоспарында әлеуметтік салаға барынша көңіл бөлу туралы кеңінен айтылған. Сарыағашта атқарылып жатқан жұмыстар осының бір көрінісі.