Кәсіпкерлік қанатын жаймай тұрған шақта шетелге барып, тәжірибе арттыру, біліктілігін көтеру деген арман болатын. Ал шетелдік мамандарды осында шақырып оқыту курстарын ұйымдастыру да тіптен мүмкін еместей көрінетін. Бүгінде елімізде кәсіпкерлік өркендеп, әлемге танымал атақты брендтеріміз пайда бола бастады. Осыған орай кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында шетелге барып оқу мен шетелден маман шақыртып өндіріс орнында тәжірибе жинақтауда. Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері «Аға сарапшылар қызметі» (неміс тілінде – SES) бойынша Германия елінің тәжірибелі мамандары көмегімен өндірістегі біліктілігін арттыруда. 1 айдан 6 айға дейінгі аралықта шетелдік сарапшылар әлемдік стандартқа сай тәжірибемен бөліседі. Бүгінде облыс орталығында 3 шетелдік маман шақырылды. Оның екеуі керомогранит өндіретін отандық «Зерде-Керамика» зауытында қызмет көрсетуде. Әрине бәсекелестік басым шақта әлемдік тәжірибеден тыс қалуға тағы да болмайды. Шығарылатын өнімнің сапасын арттыру және оны өңірде сұранысын жандандыру мақсатын көздеген зерделіктер ОҚО Кәсіпкерлер палатасы көмегінің арқасында «Аға сарапшылар» бағдарламасымен 2 шетелдік маманды жұмысқа шақырды. Бүгінде өнім түрлерін арттыру және оның сапасын жоғарылату, сондай-ақ инвесторлар тарту мен шетелдік өнімге тәуелді болмау мақсатында мұндай тәжірибені енгізуге ниет білдіріп отыған компаниялар көп. Әлемнің көптеген елдерінде болып кәсіптің қыр сырын бес саусағындай білетін мамандардың үйретері көп. Бүгінде шетелдік маман зауыт қызметкерлеріне өнімді қалай сапалы әрі қолжетімді ету жолдарын үйретуде. Шетелдік маман Ульрих Клоке маркетинг, бизнес идеяларды жүзеге асыру, сатылымды ұлғайту, нарықтық талдау жасау сияқты салаларрды зерттеген білгір маман. Әлемнің көптеген елдерінде өз тәжірибесін үйретіп, өндірісті өрге сүйреуге көмегін тигізіпті. Германияда құрылыс заттары дүкендер желісінің иесі. Керамогранит өңдеудің хас шебері. Зауыттың өнімдеріне талдау жүргізіпті. Бүгінде зауыт өнімінің сапасын арттыру және оны қолжетімді ету үшін өз тәжірибелерін үйретпек. Шетелдік аға сарапшы Ульрих Клоке зауыттың менеджмент, маркетинг салаларына талдау жасап, өнімнің сапасын арттыруға, сатылымын көбейтуге күш салуда. Шетелдік сарапшылардың отандық өндірісті өрлетуге үлес қосқаны Ұлт жоспарындағы басым бағыттардың бірі.