Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді оқыту мен біліктіліктілігін арттыру, сонымен қатар бизнесті дамыту мақсатында 2013 жылдан бастап «Аға сарапшылар қызметі» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарламаның тиімді екенін түсінген отандық компаниялар оның көмегіне көп жүгінуде. Кәсіпкерлер палатасы шетелден келетін сарапшылардың келіп-кету шығындарын, визалық және жалақы шығындарын бағдарлама бойынша төлейді. Ал кәсіпкерлер тек сарапшыға жергілікті жатын орынмен қамтамасыз етсе болғаны. Мұндай жеңілдікті пайдаланбау әрине қателік болар еді. Аталмыш бағдарлама көмегімен «HILLCorporation» ЖШС, «Оразалиева» ЖК, «Food Production» ЖШС, «Амангелді» ЖШС, «Arsenal sad» компаниялары осы қызмет түріне жүгінген. Шетелдік аға сарапшылардың көмегіне жүгінген тағы бір отандық ірі тігін фабрикасы «Алтын адам». Фабрика басшылығы кәсіпорын жұмысшыларын заманауи киім үлгілерін жоғары дәрежеде тігіп үйренуі үшін шетелден маман шақыртуға бел буған. Оның берер пайдасы да мол. Өйткені сән жыл сайын өзгеріп отырады. Әлемдік сән саласына қатысты жаңашыл тәжірибелерді үйренудің берері көп. Бұрын тек ерлер костюм шалбарларын тігетін кәсіпорын енді әйелдердің сырт киімін де тігуді үйренбек. Шетелдік сарапшы Ятта Хайдельманн Финляндия елінен келіп отыр. Сән саласында мол тәжірибесі бар маман. Атақты Erwastil, Хиршберг, Finnkarelia Mode GmbН сән үйлерінде модельер-конструктор болып жұміс істеген. Аға сарапшы заманауи үлгідегі сырт киімдерді қалай тігуге болатынын үйретуде. Маркетингтік сарапатама жасау, сату мен бизнес мақсаттарды жүзеге асыру — әр кәсіпорының дамуына қол жеткізуге негізгі себепкер. Бүгінде шетелдерге таныла бастаған компания аға сарапшылардың көмегімен тағы да бір белесті бағындырары сөзсіз. Фабрикада жылына 26 400 дана костюм, 52 800 дана шалбар тігіледі. Өндіріс орнында 103 адам жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалардың шарапатын көріп отырған кәсіпорындардың қол жеткізген нәтижесі де жаман емес.