
Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі таңда тек ішкі нарықпен шектеліп қалмай, шетелге өнімдерін экспорттап отырған компаниялардың қатары артып келеді. Мәселен облыстағы 21 кәсіпорын өз өнімдерін шетелге экспорттап отыр. Аймақтың кәсіпкерлері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Тәжікстан Республикаларына өсімдік майы мен ұн, балық сүбесі мен консервіленген балық, құс жұмыртқасын, макарон, кондитерлік өнімдерді, қой етін және сиыр етін жөнелтуде. Ал оңтүстікқазақстандық «Хамит» компаниясы балықтың сүбе етін Грузия, Германия, Украина Республикаларына және Ресей Федерациясына жібереді. Сұраныс артуына байланысты тағы да өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Ресей нарығына шығарылатын негізгі өнімдер бақшалық дақылдар мен көкөністер, консервіленген балық, жемістер, мақта, қызанақ, күркетауық еті, сусындар болып табылады. Тіпті ресейліктердің өзі келіп тапсырыспен әкетуде. Мәселен, жаз маусымында көрші елдерге 45 мың тонна қауын, 17 мың тонна қарбыз экспортталған. Қазіргі таңда ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты Еуро одақ елдеріне де шығарыла бастады. Мысалы, «Қаршыға» шаруа қожалығы алма, қауын және қарбыз өнімдерін Германияға жіберуде.
Бүгінде өңірімізде Иран республикасы жүгері және қой етінне тапсырыс беруде. Отандық кәсіпорындардың өнімі сапалы болғандықтан да сұраныс артып отыр.