
Бұрындары тек шетелдің киімдерін, аяқ киімдерін тұтынып келген тұрғындар енді отандық аяқ киімдерді де аяққа ілетін болды. Оңтүстік Қазақстандық өндіріс орны өз жұмысын бастағанына көп уақыт өте қоймаса да осы саладағы алғашқы қарлығаш болғандықтан өніміне деген қызығушылық жоғары. Үйде киетін сүйретпеден бастап, сәнді туфлилерге дейін тігеді. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатымен аяқтан тұрған кәсіпорын басшылығының жоспары тым көп. Тек облыс орталығын ғана өнімімен қамтып қана қоймай көршілес облыстарға да сатуда. Қытайдың бір реттік, шыдас бермейтін сүйретпелеріне қарағанда сапалы отандық өнімнің сатылымы да жоғары. Аяқ киім фабрикасының директоры Санжар Тілегенов: «шеттен келетін өнімдерден әлдеқайда арзан әрі сапалы. Сапасы жоғары болғандықтан тұтынушылар да дән риза. Бағасын да соншалықты қымбат емес. Өнімдеріміз бүгінде ірі қалаларда саудалануда» дейді. Әзірге шикізатты шетелден тасымалдап отыр. Бәлкім жақын арада аяқ киім тігуге қажетті шикізат елімізде де шығарылатын болар. Технологтар таза әрі денсаулыққа тигізер зардабы жоқ деп отыр. Өзге елдерден әкелінген аяқ киімдердей иісі аңқып тұрмайды. Таза өнім. Қажетті құрал жабдықтармен жарақтандырылған кәсіпорын түркиялық былғары шикізаттарды алып келмек. Алдағы уақытта шетелдік бренд аяқ киімдермен бәсекелес алатын өнім өзімізде өндірілсе тек қуанамыз. Әрі отандық кәсіпорында қолдау үшін тек қана соны сатып алатын боламыз. «Оңтүстік» индустриалды аймағында «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған «ЮКОФ» ЖШС-і аяқ-киім фабрикасының алға қойған жоспарлары көп.
Динар Бекасыл