
Бұрындары уылдырықты тек шетелден сатып алатынбыз. Онда да жеңсік ас ретінде қымбат болғандықтан қалтасы көтеретіндер ғана сатып алуға мүмкіндігі болатын. Енді осындай мүмкіндікті отандық өндірушілер туғызып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында дүние жүзінде қымбат жеңсік ас саналатын альбинос бекіре балығының уылдырығы өндірілетін болады. Жергілікті кәсіпкердің асылтұқымды альбинос балығын Оңтүстік өңірінде өсіруі тегін емес. Өйткені, балық уылдырығының келісі шамамен 3,5 миллион теңге тұрады. Әрине оны өсіру де оңай шаруа емес. Балық өсіруге барлық жағдайы жасалған шаруа жайда бағылады. Балық шаруашылығы уылдырықты өндіруден бастап оны балық етіп өсіруге дейінгі барлық жұмыспен айналысады. Негізінен ақсерке, сүйрік сынды бекіре тұқымдас балықтарын өсіреді. Сонымен қатар қымбат кәсіп саналатын альбинос бекіре балығын өсіруді қолға алып отыр. Қымбат уылдырық түрі жыл сайын дүние жүзінде шамамен 500 келідей ғана өндіріледі екен. Айта кетейік, альбинос бекіре балығының аналығы бір жылда аталған «алтын» уылдырық түрінен, бар болғаны 250 грамм береді. Қымбат кәсіп түріне кіріспес бұрын кәсіпкер осы туралы мамандармен кеңесіп ғаламтор желісінде бар мән жайға қанығып, кішігірім зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Енді осы қымбат кәсіп түріне білек сыбанып кіріскелі отыр.