
Оңтүстік Қазақстан облысындағы индустриалды аймақтағы биылғы жылғы көрсеткіштер жоғары деңгейде. Биыл жалпы өндіріс көлемі 10,1 млрд. теңге қаржыны құрап, ондағы кәсіпорындардың бюджетке келтірген пайдасының жалпы сомасы 740 млн. теңге болған. Ал индустриалды аймақ ашылған 6 жылда «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындар тапқан пайдасы 77,87 млрд теңгені құраған. Басқарушы компанияның биылғы жылы электр қуаты, су сату және инженерлік қызмет арқылы 34,4 млн. теңге пайда тауып, оның өткен 2015 жылмен салыстырғанда 68 пайызға өскен. Облыстағы барлық индустриалды аймақтарда құны 186 млрд. теңгені құрайтын 160 инвестициялық жобаның 11976 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген, оның ішінде, 80 жоба облысымыздың аудандары мен қалаларында орналасқан. Бүгінгі таңда облысымызда 160 жобаның 52-уі жүзеге асқан болса («Оңтүстік» ИА-да 39 жоба және аудандарда 13 жоба), қалған 108 жоба алдағы екі жыл ішінде іске қосылмақ. Осы жылдың соңына дейін 24 жобаны іске қосу жоспарланса («Оңтүстік» ИА-да 17 жоба, қалалар және аудандарда 7 жоба), 2017 жылы – 84 жобаны («Оңтүстік» ИА-да 24 жоба, қалалар және аудандарда 60 жоба) жүзеге асыру көзделуде. Осылайша, екі жыл ішінде, ашылған 108 жоба шеңберінде облысымызда 8079 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 151,8 млрд. теңге инвестиция экономика айналымына тартылады деп күтілуде.