
Елбасы бекіткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздегі шағын және орта бизнестің тиімділігін арттыру басты назарда тұр. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданы Бөген ауылдық округінде ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Әрине ірі шаруа қожалықтарына Үкімет тарапынан көрсетілер көмек те ауқымды. Осы тиімділікті түсінген шаруалар бірігу үстінде. Бөген ауыл округіндегі 4036 гектар суармалы жерге өнім еккен шаруалар одан көп түсім тауып отыр. Биыл 702 гектар аумаққа мақта, 100 гектарына бақша, 104-не көкөніс, қалғанына дәнді дақылдар еккен болатын. Жыл басы жаңбырлы болып еккен егін бітік шықты. «Орда-Басы-Агро» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі бірнеше ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп отыр. Бүгінде шаруашылық еншісінде 2 мың гектар суармалы жер бар. Оның 480 гектарына мақта егілген. «Мақсат» және «Қуаныш» шаруа қожалықтары биылғы терім науқанында әр гектардан 40 центнерден мақта жинады. Алдағы жылы егіс көлемін арттырып, мол өнім алуды көздеп отыр.