
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қажымұқан ауылдық округiне қарасты Көктөбе ауылында «Kazakhstan Logistics Group» ЖШС-i тамшылатып суару технологиясымен 250 гектарға интенсивтi алма, 50 гектарға жүзiм өсiруде. Бүгінде жеміс жидектерді өсіріп, сату тиімді кәсіпке айналып отыр. Жобаның құны 876,6 миллион теңгенi құраса, оның 797,1 миллион теңгесi мемлекет есебiнен несие көздерi арқылы алынған. Өнімділігі жоғары аласа бойлы көшеттер Италиядан әкелiнген. Біздегі көшеттер отырғызылғаннан кейін екі-үш жылдан кейін өнім беретін болса, импорт көшет келесі жылы ақ нышан көрсетіп, өнiм салады. Әрі өнімі мол. Былтыр алманың әр гектарынан орта есеппен 2 тоннадан өнiм алынған болса, биыл одан екі есе өнім жинап алыныпты. Алма бауы толық пісіліп жетіліп, алма ағаштары «есейгенде» жылына 10 000 тонна алма, 500 тонна жүзiм алынады деп күтiлуде. Мұнда 7 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етiлген, ал, науқан кезiнде 30-40 адам қосымша жұмысқа тартылады. Жинап алынған өнімді қайда сақтаймыз деп бас қатырмайды. Серiктестiктiң Шымкент қаласында жемiс сақтайтын арнайы қоймасы да бар.