
Шатыр шығаратын зауыт Оңтүстік Қазақстан облысында құрылысқа аса қажетті заттардың барлығы да шығарылады десек артық айтқандық болмас. Мәселен, «Grаnd Development Group» ЖШС-і тұрғын үйлер және ғимараттардың төбесiн жабатын плита iспеттi шатырлар шығарады. Компания өткен жылы ғана iске қосылды. Аз ғана уақыт аралығында тұтынушыларын тауып үлгерді. Германиялық технология бойынша жұмыс iстейтiн зауытты жүзеге асыруға 13 млн. теңге жұмсалған. Қондырғы толық автоматтандырылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы 36 мың шаршы метрдi құрайды. «Eco Tile» сауда маркасымен шығып жатқан шатырға (черепица) қажеттi шикізат шетелден тасымалданбайды. Құм мен цемент жергілікті өндірушілерден сатып алынады. Мұнда шатырдың екi түрi шығарылады. Ал, тұтынушылардың талғамына қарай шатырдың 6 түрлi түсiн таңдап алуға мүмкiндiгi бар. Заманауи жаңаша салынған үйлердің дені бүгінде шифер емес черепицамен жабатын болған. Сондықтан да отандық өнімге сұраныс артып отыр. Бұл шатырдың шиферден артықшылығы көп. Жылу ұстағыштық қасиетi жоғары. Өңдеу, жөндеу, әсемдеу жұмыстарын жүргiзуге қолайлы. Экологиялық жағынан таза. Дауылға, қатты желге, аязға, отқа төзiмдi. Ең бастысы шiрiмейді. Шатырлар бүгiнде облыстан бөлек Астана, Алматы, Балқаш, Тараз қалаларында сатылуда. Зауыт өткен жылы 9800 шаршы метр шатыр шығарған. Алдағы уақытта өнім көлемін арттырмақ.