
Автокөліктердің жарамсыз болып қалған доңғалақтарын өңдеп, экологиялық таза өнім жасап шығаратын «Экошина» ЖШС-нің өнімдеріне бүгінде сұраныс артып отыр. Стадиондардың жүгіретін жолдарына одан да басқа түрлі салаларға қажетті резеңке өнімдерді шығарады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы көптеген мектеп пен спорт алаңшалары осы серіктестіктің өнімін пайдаланады. Кезінде «Қазақстан темір жолы» сынды ірі компаниялардың тапсырысын орындап, теміржолдың рельс пен шпалдың арасына орнататын резеңкені шығарған. Сұраныс барда зауыттың қуаттылығы 4 мың тоннаға жеткен болатын. Жылына 1,5-2 миллион данасын шығарған еді. Бірақ кейін тапсырыс тоқтаған соң «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қуаттылығын арттырып, резеңкенің басқа түрлерін шығара бастады. Қыста қар тазалайтын көліктердің «күрегінің» алдына қоятын, велосипедтердің дөңгелегін, бетон арықтардың арасына қоятын резеңке шығарады. Зауытта бір емес, бірнеше өнімнің түрі бар. Бүкіл органикалық заттардың ең маңызды құрамы болатын көміртек элементін жылына 1400 тонна, 1800 тонна мазут, 400 тонна металл сымдарын өндіруге қауқары жетеді. Бірнеше үй аулалары мен спорт алаңдарын жабдықтап, арнайы резеңке төсеніш жасаған. «Сайрам» шағынауданында салынып жатқан мектептің алаңына резеңке төсеніш төсеуде. аудандардағы стадиондардың жүгіретін жолы да осы зауыттың өнімі.