
Мақталы аймаққа жататын Оңтүстік Қазақстан облысында жеңіл өнеркәсіптің дамуы бүгінде біртіндеп жолға қойылып келеді. «Textiles.kz» компаниялар тобына кіретін «Ютекс» және «Меланж» акционерлік қоғамдарының тоқыма фабрикалары қайта іске қосылды. Аталған тоқыма фабрикаларының жұмысы бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған болатын. Өнеркәсіп орындарының жұмысын жандандыру үшін бірнеше банктер қомақты қаржы бөлді. «Меланж» және «Ютекс» акционерлік қоғамдары фабрикаларының өндіріс қуаттылығы жылына 17,8 мың тоннаны құрайтын болады. Шикізатта өзімізде шығарылады. Мақта зауыттарынан келісімді бағамен ақ алтын сатып алады. Бұл өз кезегінде мақта бағасының тұрақтануына да септігін тигізбек. Қазіргі таңда фабрикаларда 400-ден астам екі қолға бір күрек тауып отыр. Жылдық қуаты артып, толықтай іске қосылған кезде мұнда 2000-нан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бүгінде белгілі облыс орталығында кілем шығаратын фабрикалар, киім тігетін фабрикалар жұмыс істеуде. Өндірілген өнім солардан артылса Қытай мен Еуропа елдеріне экспортталатын болады. Қазіргі уақытта «Қазақстан Темір Жолы» АҚ мекемесі төсек-орын тыстары мен арнайы киімдерді сатып алуға ұзақмерзімді келісімшартқа отыруға мүдделілік танытуда.