Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған ролі зор. Әсіресе «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында нақтылап көрсетілген қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту жолында көп еңбек сіңіріп келеді. Әрине бірнеше ұлт пен ұлыстың басын қосып отырған елімізде татулықты көздеп, бірлікке үндейтін этномәдени орталықтар көп. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі. Жуырда аталған бірлестіктің ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным — менің жүрегім!» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Әбілқасым Досболов сөз сөйлеп, бірлігі бекем елдің ғана берекесі артып, мерейі үстем болатындығына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда облыстық түрік этномәдени бірлестігінің үлесі мол екені айтылды. Мерекелік шарада бірлестіктің белсенді мүшелері облыс әкімінің Алғыс хатымен, облыстық мәслихаттың Грамотасымен және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталды. Барша жұртшылаққа құт мекен болған Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 70 мыңға жуық түрік этносының өкілдері тұрады. 1989 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан түрік этномәдени бірлестігінің жанында жексенбілік мектеп, жастар қанаты мен ақсақалдар кеңесі құрылған. «Або», «Яшлар» ансамбілдері облыс көлемінде өткізілетін мәдени шараларда өнер көрсетіп келеді.