Елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірнеше бағдарламалары бар. Солардың ішінде Ұлт жоспары «100 нақты қадам», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары халықтың әл ауқатын көтеруге бағытталғаны белгілі. Халықты әлеуметтiк тұрғыдан жан-жақты қорғау Елбасы мен Үкiметiмiз жүргiзiп отырған сындарлы саясаттың басым бағыттарының бiрi болып табылады. Сондықтан да бiздiң елiмiзде қарттар мен аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен балаларды қорғаудың нақты жүйесi қалыптасқан. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбiсi әлеуметтiк қорғау жүйесi қызметкерлерiнiң кәсiптiк мерекелiк күнi болып белгiленген. Осыған орай жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданында келелі жиын болып өтті. Аудан әкiмi аудандағы әлеуметтiк қызметкерлерді осы мерекемен және Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдығымен құттықтап, оларға алдағы жұмыстарында табыс тiледi. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi басшысы Жоламан Тұрлыбеков, бөлiм басшысының орынбасары Бақытжан Таласов, бөлiмнiң сектор меңгерушiсi Меңсұлу Сәтбекова, бөлiмнiң бас мамандары Бибiсара Алдамұратова мен Ләззат Оразбекова, бөлiмнiң нұсқаушысы Гүлнар Бабамұратова, бөлiмнiң әлеуметтiк қызметкерi Айымкүл Сағындықова мен аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Бекжан Қалдыбаевтар аудан әкiмiнiң “Алғыс хатымен” марапатталды. Әлеуметтiк қызметкерлердiң мерекесiнiң құрметiне Қанат Дауылбаев, Бақберген Омаров, Элмира Шонаевалар ән-жырдан шашу шашып, олардың көңiл-күйлерiн көтердi.