«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының арқасында бірнеше ілкімді жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әр облыс орталықтарында ашылып, жұмысын жүргізуде. Бұл қадам мемлекеттік қызметті ашық және бәсекеге қабілетті жүйе етері сөзсіз. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында 5 бірдей Халыққа қызмет көрсету орталығында сенім жәшіктері орнатылды. Бұл мемлекеттік қызметті ашық әрі қолжетімді етуді көздейді. Бұл жобаға ұйытқы болған — Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы. Аталған жобаның басты көздегені мемлекеттік қызметшілердің этикасы мен қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері шаһардағы ХҚО-ларда аптасына бір күн «Азаматтарды қабылдау» шарасын өткізетін болады. Қызмет алушының құқықтары бұзылған жағдайда арыз-шағымдарды қабылдап, кеңес береді. Шағым жәшіктеріне келіп түскен арыздарды тиісті органдарға жолдап, мән-жайды анықтауға көмектеседі. Әзірге бұл жоба тек ОҚО-да іске асырылуда. Алдағы уақытта сенім жәшіктері көптеген кемшіліктерді түсзетуге септігін тигізері даусыз.