«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 50, 51, 52 қадамдарында электр энергетикасы саласын қайта құрылымдау, жалпы осы саланың өркендеуі үшін атқарылар шаруалар жайы жан-жақты қамтылған. Бүгінде аталған сала бойынша әр өңірде ілкімді істер атқарылуда. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі «Су арнасы — Маркетинг» мекемесі тек су мәселесімен ғана айналысып қоймай тың жаңалық ашып, оны қолданысқа ендіруді көздеп отыр. Мамандар өздері қолға алған тың жоба кәріз жүйесіндегі жағымсыз иісті жойып, көгілдір отын мен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді дейді. Осылайша кәріз құбырынан шыққан қалдықтарды да кәдеге жаратуға болатындығын дәлелдеп отыр. Бұл жаңалық баламалы энергия көзін өндірудің тың жобасы саналады. Жаңа бастама электр энергиясын өндіріп қана қоймай, табиғи газ алуға да жарайды. Ол үшін арнайы технологияның көмегімен газ бөліп алынады. Ал сұйық отыннан электр энергиясы шығарылады. Болашақта электр қуатының жаңа көздерін табу көзделіп отырса, мекеме мамандары алдағы күнде электр энергиясын өндірудің тағы бір әдісін іске асырмақ. Ол үшін қазір қуат көзін өндіретін қондырғылар арнайы тапсырыс арқылы дайындалып жатыр. Әзірге мұндай тың бастама өзге өңірлерде жоқ, тек біздің облыста ғана қолға алынуда. Кәріс жүйесінің қалдықтарынан алынған газдан электр қуатын сағатына 200 квт алуға болады.