Ұлт жоспарының 61-ші қадамында «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту» деп аталған. Бұл тарау жақын келешекте мал шаруашылығын дамыту, сол арқылы ет өндірісін өркендетіп, ет экспортын молайтуды көздейді. Осы орайда жуырда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ет және ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында кезекті семинар өткізді. «Етті толығымен қайта өңдеу ерекшеліктері және қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмыс тиімділігін арттыру» деп аталатын жиынға қатысқандар көп болды. Әрине мұндай оқыту семинарларының берері көп. Бұл жолы оқыту Сайрам ауданында ұйымдастырылды. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені мұнда етті терең өңдеумен айналысатын компаниялар да, жеке кәсіпкердер де көп. Солардың бірі «Камилов» компаниясы. Бұл компания мал бордақылаумен айналысады. Кәсіпорында айына 120 тонна, ал жылына 1400 тонна ет өнімдері шығарылады. Ет өндірушілерді жаңа технологиялармен таныстыру, өнім көлемін ұлғайту жөнінде лекция оқыған мамандарға фермерлер риза болды.