Оңтүстік Қазақстан облысында келешекте арнаулы оқу орындары мен мектептерде толеранттылық клубы ашылады. Сондай-ақ қоғамдық келісім үйі жанынан медиация орталығын құрған жөн. Бүгін облыс әкімінің қатысуымен өткен этномәдени бірлестік мүшелерінің жиынында осындай ұсыныстар айтылды. Қазір өңірде 20 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар негізінен қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, қоғамдық кеңес, қоғамдық келісім және отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесі секілді 4 бағыт бойынша жұмыс атқарып келеді. Ұлт жоспарындағы Қазақстан халқы ассамблеясының «Үлкен ел –Үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру туралы кеңінен жазылған болатын. Қазақстан халқы ассамблеясы аясында жұмыс істейтін этно мәдени бірлестіктер бүгінде бейбіт өмірді қалайтын бір отанның астында тіршілік кешіп жатқан ұлттардың достығын дәріптеу жолында тер төгуде. Осы кезге дейін түрлі ұлт өкілдерінің ұйытқы болуымен 2,6 миллион теңгеге қайырымдылық шарасы өткен. Сонымен бірге дерті асқынып кеткен 6 баланы шетелге емдетуге қолғабыс жасалған. Мұратәлі Қалмұратов, Облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі: — Толеранттық клубтарында балалар арасында шынайы патриотизмді үйрету, бір-біріне достық қарым-қатынасты үйрету. Бұл 4 жақты жүйемен жұмыс жасайтын болады. Олар – оқу орны, білім бөлімі және әкімдік, біздің хатшылық.